Алматылық оқушылар банан қабығынан қан тоқтататын арзан ұнтақ жасап шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық екі оқушы банан қабығы арқылы қан тоқтататын ұнтақ жасап шығарды. BananaPatch деп аталатын ұнтақ қанмен жанасқанда гельге айналып, жараны жауып қояды. Өнертабыс иелерінің айтуынша, жобаның ерекшелігі – қолжетімділігінде. Олар Kazinform тілшісіне бұл идея қалай пайда болғанын және мұның қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
Абай Оразбек пен Алтын Сейітәли 11 сыныпта оқиды. 16 жастағы оқушылар Bananapatch жобасы кездейсоқ ақпаратты оқығаннан пайда болғанын айтады. Олар банан қабығының жара мен күйікке көмектесетіні туралы жазбаны көрген екен. Сөздерінше, тропикалық елдерде банан қабығын ғасырлар бойы қолданып келген.
- Басында мұны жалған ақпарат деп ойладым. Бірақ қызығушылығым артып, тексеріп көруге кірістім. Бананның құрамы туралы ақпаратты оқуға он минуттай ғана уақыт жұмсаймын деп ойладым. Бірақ ол қызық бола түсіп, ғылыми мақалаларды түнімен оқып шықтым. Банан қабығының құрамы өте бай екені анықталды. Оның құрамында пектин, таниндер, флавоноидтар, полифенолдар, каротиноидтар және көп мөлшерде жасұнық бар. Бұл заттардың бактерияға қарсы емі, қабынуды азайтатып, жараның жазылуына ықпал ететін қасиеттері ғылыми зерттеулерде расталған, - деді Алтын Сейітәли.
Сөздерінше, таниндер ұсақ қан тамырларының тарылуына ықпал етеді. Соның арқасында қанның ағуы баяулайды. Флавоноидтар мен полифенолдар антиоксидант ретінде әрекет етіп, қабынуды азайтады және бактериялардың алдын алады. Пектин гельге айналып, сұйықтықты ұстап тұра алады.
Кейін оқушылар жарақат алғандар көп жағдайда қан жоғалтқаннан мерт болатынын анықтаған. Ал қан тоқтататын өнімдер өте қымбат дейді. Қазақстан мұндай өнімдерді қымбатына шетелден алдырады екен. Бір қаптамасы 15-30 мың теңгеге жететінін айтты.
- Импортталған гемостатиктер өте қымбат, қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді. Аудандық ауруханалар мен медициналық пункттердің бюджеті шектеулі. Олар 20-30 мың теңгелік гемостатиктерді сатып ала алмайды. Ал қатты қан кеткен адамды қалаға жеткізгенше, көп уақыт кетіп, кеш болуы мүмкін. Елдегі жайтты түсінгеннен кейін «Неге арзан шикізатты пайдаланып, олардан қолжетімді гемостатик жасап көрмеске?» деген ой келді, - деді оқушылар.
Жоба қалай жұмыс істейді?
Әрине, банан қабығын жай ғана теріге жағу жеткіліксіз. Оқушылар банан қабығын кептіріп, ұнтақтайды екен.
- Қарапайым тілмен айтқанда, ұнтақ қанмен жанасып, сұйықтықты сіңіре бастайды. Осылайша ісініп, гельге айналады. Банан қабығы қанның сұйық фазасының бір бөлігін сіңіреді. Осылайша, қан жасушалары мен ұйытуға қатысатын заттар жарақат алған жерге шоғырланады. Сонымен қатар қандағы кальций альгинаты натриймен жұмыс істей бастайды. Жанасқан кезде кальций альгинаты кальций иондарын бөліп шығарады. Ал кальций табиғи қан ұю процесінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар альгинат пен пектин гель түзеді, - деді жас өнертабысшылар.
Яғни қанның табиғи ұюына жағдай жасайды, ал екінші жағынан, жараның бетін жабатын гель пайда болады.
Алматылық жасөспірімдер BananaPatch-тің бір өніміне шамамен 285 теңге кететінін айтады. Олар мұны 958 теңге шамасында сатқысы келеді.
- Бағаның төмен болуының басты себебі – шикізаттың қолжетімді болуында. Адамдар банан қабығын үнемі тастайды. Болашақта бұл жоба көзге түсіп, сатылымға енсе, дүкен, кафе сынды жерлерден шикізатты алдыртамыз деп жоспарлап отырмыз. Бір жағынан, олар қоқыстан құтылады, ал біз оны жуып, тазалап, жаңа өнімге қолданамыз, - деді алматылық оқушы.
Сөздерінше, оларға зерттеу жұмысынан гөрі жобаны таныстыру қиынға соққанын айтады. Көпшілік ғалымдар оқушылардың еңбегін «балалыққа балап, аса мән бермей жатады» дейді.
Сондай-ақ Алтын мен Абай осы жобаны Social Impact Award халықаралық жарыста ұсынып, жеңімпаздардың бірі атанған. 220 жобаның ішінен олар үздік 15-тің тізіміне еніп, финалға өтіпті. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, жобаны іске асыру үшін қаржылай сыйлық алды.
Енді олар патентке өтінім беріп, соның нәтижесін күтіп отыр.
- Бірінші қадам – Қазақстанда тіркеуден өтіп, алғашқы өнімдерді шығару. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек қобдишаларын өндірушілерге, аудандық ауруханалар мен медициналық пункттерге жеткізу жоспарымызда бар. Бұл біз үшін бастапқы база болады, - деді олар.
Оқушылар жоба Қазақстан аясында шектелмей, басқа елдерге таралғанын қалайды.
Сөздерінше, Үндістан, Нигерия, Танзания, Руанда сынды елдерде банан көп өндіріледі. Алайда мұнда гемостатиктер қымбат деп отыр.
- Онда адамдар қымбат гемостатик қолжетімсіз болғандықтан, қан жоғалтып, қаза болып жатады. Қолжетімді қан тоқтататын құрал мұндай жерлерде күн сайын адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Біз гуманитарлық ұйымдармен және жергілікті серіктестермен жұмыс істеп, банан өсірілетін елдерге өндірісті көшіруді жоспарлап отырмыз, - деді Абай.
2027 жылдың шілдесіне дейін Халықаралық нарыққа шығу үшін халықаралық патенттік өтінім беруге ниетті екен.
Еске салсақ, Алматылық оқушы БҰҰ штаб-пәтерінде әлемнің үздік 3 жас инноваторының қатарына енген еді.