Алматылық оқушылар қала сыртындағы лагерьлерде қалай демалып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 мыңға жуық бала, жетім балалар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады.

Лагерь
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі мәлім еткендей, 20 маусымнан бері «Жанұя» мамандандырылған кешенінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар 100 бала және Бостандық ауданының мектептерінен 15 оқушы Қонаев қаласындағы «Балдәурен» лагерінде демалып жатыр.

Аталған демалыс орны - Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында ораналасқан.

«Сондай-ақ, Жетісу ауданының мектептерінен 76 бала және Медеу ауданынан 155 бала Avat kids camp лагеріне жіберілді. Түрксіб ауданынан келген 263 бала Қонаев қаласындағы Jellyfish Camp лагерінде. Бұған қоса, 7 шілдеде «Жанұя» мамандандырылған кешені тәрбиеленушілерінің 80 баласы және «Мейірім» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 12 баласы Avat kids camp лагеріне барды»,- деп атап өтті әкімдіктен.

Қалған балалардың келуі кесте бойынша тамыз айының соңына дейін жүзеге асырылады.

Лагерь
Фото: Алматы әкімдігі

Биыл Алматыда 266 мың баланы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарда. Сауықтыру демалысымен жетім балалардың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары 100% қамтылатын болады. 

Оқушылар сарайының «Өрнек» лагерінде 3 маусымда 900 бала демала алады. Бұлар - «Жанұя» мамандандырылған кешеннің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, сондай-ақ конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары.

Осыған дейін Алматыдағы 12 лагердің төртеуі ғана жұмыс істейтіні туралы жазған едік

Лагерь
Фото: Алматы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар