Алматылық полицейлерге жаңа көлік берілді
Жаңа жыл қарсаңында алматылық тәртіп сақшыларына 14 бірлік «JAC» автокөлігінің кілттері табысталды, деп хабарлайды Kazinform.
«Бұл көліктер әкімшілік аумақтары таулы, қиын жерлерде орналасқан аудандық полиция басқармаларының кезекші бөлімшелері мен учаскелік инспекторларға тапсырылды. Қызметтік жол талғамайтын көліктер тәртіпті сақтауды, сондай-ақ жедел-іздестіру топтары мен учаскелік полиция қызметкерлерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров.
Айта кетейік, Алматы полициясының автопаркі қалалық әкімдіктің қолдауымен жаңартылды.
«Бүгінгі таңда Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің автопаркі 90%-ға жарақталған. Қала полицейлері жаңа көліктерді соңғы рет өткен жылдың соңында алған», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.