Алматылық студенттер науқас балалар үшін 26 литр қан тапсырды

Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде өтеусіз қан тапсыру акциясы өткізілді. Қайырымдылық шарасына 80 студент қатысты, деп хабарлайды Kazinform.

студенттер
Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіровтың айтуынша, акция науқас балаларға қолдау көрсету аясында ұйымдастырылды. 

«Мұқтаж жандарға ерікті түрде көмектесуге дайын екенін көрсеткен акцияның барлық қатысушысына шын жүректен алғыс білдіреміз. Осындай сәттер біздің қоғамда игі істерді атқаруға, өзгеге көмектесуге дайын жанашыр жандардың бар екенін көрсетеді», - деді ол өз сөзінде. 

Шара аясында донор болуға ниет білдірген 80 студенттің 52-сіне қан тапсыруға рұқсат берілді. Акция нәтижесінде 26,52 литр қан жиналды. 

Айта кетейік, елімізде дені сау, жасы 18-ден асқан, созылмалы аурулармен ауырмайтын азаматтар донор бола алады.