Алматылық тұтынушыларға 224 млн жуық теңге қайтарылды
АЛМАТЫ.KAZINFORM –Былтыр Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 8 мыңға жуық өтініш түсті.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев айтты.

Спикердің сөзінше, жоспардан тыс тексерулер мен заңгерлік кеңес беру нәтижелері бойынша тұтынушыларға 223 929 млн теңге қайтарылды.
«Өтініштерді қарау қорытындысына сәйкес, департамент 100 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 314 әкімшілік жаза қолданды. Арыздың басым бөлігі, бөлшек сауда, электрондық сауда, тұрмыстық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және білім беру саласы бойынша түсті», - деді Нұрлан Әбдиев.
Сонымен қатар, ол қоғамдық бірлестіктердің қызметін интеграциялау шеңберінде ахуалдық штаб жұмыс істейтінін атап өтті.
«Сапасыз азық-түлік тауарларын анықтау және оларды өткізудің жолын кесу үшін Алматы қаласы бойынша техникалық реттеу және метрология, санитарлық - эпидемиологиялық бақылау, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері мониторинг жүргізуде», - деді спикер.