Алматылық ТЖД мамандары Іле Алатауында қиындыққа тап болған үш туристі құтқарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық ТЖД мамандары Іле Алатауында қиындыққа тап болған үш туристі құтқарғандарын мәлімдеді.

Туристер
Фото: ТЖМ

«Іле Алатауының Кіші Алматы шатқалында 21-22 жас аралығындағы екі турист Панорама тау шыңына көтерілген. Ауа райын алдын ала көріп алмағаннан, қатты дауыл астында қалып тиісті уақытқа дейін түсе алмады.

ҚР ТЖМ РЖҚЖ құтқарушылары жоғалған ер азаматтарды «Панорама» құтқару лашығынан тауып, Алматы қаласына аман-есен түсірді», — деп жазды ведомстводан.

Сол сияқты, 23 тамызда Іле Алатауы Қарғалы өзенінің бойында Үшқоңыр және Жайлау шатқалдарының арасында 3 адам демалып жүрген. Олардың біреуі, 1991 жылы туған ер адам өзен бойымен жоғары көтерілуге бел байлап, қайта оралмаған. Келесі күні достары құтқарушылардың көмегіне жүгінді.

Туристер
Фото: ТЖМ

ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы оқиға орнына келіп, тәуліктің қараңғы уақытына және дауылды желге қарамастан туристі іздестіруге кірісті. 25-тамызға қараған түні 12 сағаттық іздестіру жұмыстарынан кейін құтқарушылар ер адамды тапты.

Туристердің ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмады.