Алматылық урологтар ауруы асқынған 77 жастағы зейнеткерді аман алып қалды

Дәрігерлер
Фото: №7 қалалық клиникалық ауруханасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыдағы Жетінші аурухананың урологтары несеп тас ауруымен ауыратын 77 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды

Емдеу мекемесінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Алматы қаласының № 7 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне қарт әйел өте ауыр жағдайда түсті. Қатты ауырсыну және улану синдромы салдарынан жалпы жай-күйі ауыр деп бағаланды. Терапевт, уролог, реаниматолог мамандар қарап, шағымдарды, клиникалық-зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижесін негізге алып, науқасты реанимация бөлімшесіне шұғыл түрде жатқызды.

«Науқастың өте ауыр жағдайы, негізгі ауыр диагнозға байланысты - бүйрек пен несепағардың бітелуімен бірге жүретін гидронефроз (несеп-тастың қауіпті асқынуы), оның асқынулары мен қатар жүретін аурулары (жіті іріңді цистит, уросепсис, несепағардың уролитиязы, пиелонефрит, гипертония, жаңадан анықталған қант диабеті, екіншілік тромбоцитопения, екіншілік анемия), бұл аурудың клиникасын одан әрі ауырлатады. Уросепсистің өмірге қауіп төндіретін асқынуы қант диабеті аясында инфекциялық-уыттық шокқа ұласып, оның салдары өлімге әкелуі мүмкін», - деді № 7 қалалық клиникалық ауруханасының урология бөлімшесінің меңгерушісі Еркебұлан Төлегенов.

Науқастың емін бақылаушы уролог-дәрігер Ерлан Қоңыровтың айтуынша, зәрдің шығуын қалпына келтіру бойынша техникалық жағынан күрделі ота жасалды. 

«Операция кезінде несеп жолының стриктурасы орташа үштен бір деңгейде болды және техникалық қиындықтармен ішкі стент – катетер орнатылды, бұл зәрдің шығуын қалпына келтірді», - деп атап өтті дәрігер.

Пациенттің операциясы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалды. Пациент 8 тәуліктен кейін қанағаттанарлық жағдайда стационардан шығарылды.

Соңғы жаңалықтар