Алматылықтар 2024 жылы донор ретінде 15 мың литр қан тапсырды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық қан орталығы қан өткізу саны бойынша Астана қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығынан (ҒӨО) және Шымкенттегі қан орталығынан кейін үшінші орында.

Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Надировтың айтуынша, былтыр бір жыл ішінде 15 659 литр донорлық қан дайындалған және 38607 доза қан компоненттері берілді. Нәтижесінде қан компоненттерін 8665 пациент алған, ал трансфузиялардың (қан құю) жалпы саны 37347-ге жеткен.
— Жұмыстың маңызды бөлігі жылжымалы контейнерлермен барып қан тапсыру болды, олар жалпы алынған қанның 38,1%-ы болды. Мұндай іс-шаралар әскери бөлімдерде, жеке және мемлекеттік ұйымдарда өткізілді, — деді ол.
Сондай-ақ Жандос Надиров донорлардың 70%- алматылықтар, ал қалған 30%-ы облыс тұрғындары екенін атап өтті. Қан донорларының көпшілігі 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға қан тапсырғанын жазғанбыз.