Алматылықтар әкімнен асфальт зауытын қала сыртына көшіруді сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев асфальт-бетон зауытының иесімен оны көшіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.

«Айнабұлақ-2» ықшамауданының тұрғыны әкімнен асфальт-бетон зауытынан шығатын өткір иіске шағымданды.
– Айнабұлақ-2 ауданында асфальт- бетон зауыты бар, оның кімдікі екенін білмеймін. Таңертең және түнде одан өткір иіс шығады, терезелерді ашу мүмкін емес. Қандай химиялық заттарды қолданатынын білмеймін, бірақ бұл мәселені шешудің жолы бар ма? Зауытты қаланың сыртына көшіру немесе тазарту сүзгісін орнату керек шығар, – деп шағымданды тұрғын.
Ерболат Досаевтың айтуынша, зауыттың санитарлық талаптарын әкімдік қадағалап отыр.
– Қыста зауыт белсенді жұмыс істемейді. Ал, жол құрылысы маусымы басталған кезде жұмыс қызады. Бұл қаладағы жалғыз зауыт. Зауытты көшіру, инвестиция салу, онымен не істеуге болатыны туралы иелерімен келіссөздер жүргізе бастадық. Ешкім бір орында тұрған жоқ. Зауыт иесінің қоныс аударуға инвестиция салуы үшін мүмкіндігін ескеруіміз керек, ал біз өз кезегімізде жер телімімен, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуіміз қажет. Жыл соңына дейін ортақ жоспарларымыздың нәтижесін көреміз деген сенімдеміз, – деді әкім.
Ол сондай-ақ қарамағындағыларға зауытты көшіру туралы түпкілікті шешім қабылдағанға дейін биыл қосымша сүзгілер орнатуды және санитарлық нормаларды сақтауды тапсырды.
– Өкінішке орай, мен бүгін зауытқа қатысты тәуекелдерге бара алмаймын. Өйткені біз асфальт-бетонды басқа жақтан жеткізе алмаймыз. Оның температуралық жағдайы ескерілуі керек. Қалада жалғыз зауыт қалды, – деді Ерболат Досаев.
Осыған дейін «Алматы Сити» тұрғын үй кешенінде тұратын алматылықтар әкімнен қағаз шығару зауыттының жұмысы тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын айтқан болатын.
Бұдан бөлек, «Номад» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әкімнен ауыр машина жасау зауытын қала сыртына көшіруді сұраған болатын.