2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Алматылықтар бір түнде 160 рет жол ережесін бұзған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полицейлер бір түнде 160 жол ережесін бұзу фактісін анықтады.

полиция
Фото: Айзада Агильбаева /Kazinform

Алматыда «Шулы көлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы 23-30 қыркүйек аралығында өткізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері белгіленген талаптарды бұзып, жол қозғалысына қауіп төндіретін автокөліктерді, мотоциклдер мен мопедтерді және басқа да көлік құралдарын тексеріп жатыр.

Іс-шара аясында Әкімшілік полицияның мамандандырылған батальоны мен басқа да саптық бөлімшелердің қызметкерлері рейдке шықты.

Полицейлер дрифт жасап, қауіпті маневрге барып, көліктің қатты дыбыс шығаруына жол беретін және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтады.

Бір түннің өзінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 160 дерегі анықталды.

Оның ішінде:

* Тыныштықты бұзу — 33 рет,
* Рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқару — 31 дерек,
* Маневр жасау ережелерін бұзу — 24 дерек
* Апаттық жағдай туғызу — 12 дерек.

Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарған 6 жүргізуші анықталды.

74 көлік айыптұраққа қойылды. Оның ішінде шетелдік мемлекеттік нөмірі бар 11 автокөлік және бір мотоцикл бар.

Полиция көліктің қатты гүрілі, күрт қозғалысы немесе түнгі дрифт тек тұрғындардың тыныштығына ғана емес, жолдағы барлық адамның қауіпсіздігіне әсер ететінін ескертті.

Еске салайық, полиция 372 дрифт фактісін анықтағаны хабарланды.