Алматылықтар ХҚО-ға қандай қызмет бойынша жиі жүгінеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Алматы қаласының тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 1,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы мәліметінше, өтініштер саны бойынша бірінші орында жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу қызметі тұр. Биыл бұл қызметті 742 399 азамат пайдаланған. Олардың қатарында жеке куәлікті алғаш рет алып жатқан жастар, сондай-ақ құжаттарының қолдану мерзімі аяқталуына немесе жеке деректерінің өзгеруіне байланысты құжаттарын ауыстырып жатқан азаматтар бар.
Екінші орында — көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есептен шығару қызметтері. Жыл басынан бері бұл қызметке 234 793 азамат жүгінген. Тағы 156 752 азамат көлік құралдарының жекелеген түрлерін алғашқы мемлекеттік тіркеу қызметін алды. Бұл қызмет көлік құралын мемлекеттік есепке алғаш рет қою кезінде көрсетіледі.
Сонымен қатар 2026 жылы 61 244 азамат жүргізуші куәлігін алды.
— Осылайша, ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында азаматтардың күнделікті өмірінде жиі кездесетін қызметтер — негізгі құжаттарды рәсімдеу, көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу бар. Бүгінде көптеген мемлекеттік қызметті алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына міндеттіт үрде барудың қажеті жоқ. Қызметтердің бір бөлігі цифрлық форматта қолжетімді, бұл азаматтарға уақытын үнемдеп, қызмет алудың өзіне ыңғайлы тәсілін таңдауға мүмкіндік береді, — деп хабарлады мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы.
Еске салайық, Петропавлдағы мамандандырылған ХҚКО автодромы уақытша жабылды.