Алматылықтар музейге көп бара бастады

музей
Фото: freepik

Алматы музейлері 2023 жылы кіру билеттерін сатудан 60 млн теңгеден астам табыс тауып, осы жылға арналған жоспарды 200% орындаған. Бұл туралы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев музей ісін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Өнер сүйер қауым үшін биыл 73 көрме ұйымдастырылды, оларды 125 230 адам тамашалады – бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Келу кезінде кіру билетінің бағасы 250-ден 5000 теңгеге дейін болды. Балалар, зейнеткерлер мен студенттер үшін жеңілдіктер қарастырылған», – деді басқарма басшысы.

Айтуынша, халықаралық ұйымдармен 15 меморандумға қол қойылды, олардың барлығы саланы ілгерілетуге және дамытуға бағытталған.

«Біздің көрмелер тек қала ішінде ғана емес, Оңтүстік Кореяда, Италияда және Австрияда да ұйымдастырылды. Қала басшылығының қолдауымен биыл мұражай қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілді. Музейлерге келушілер санының 2 есеге артқаны қуантады», – деді Ғани Майлыбаев.

Мәлім етілгендей, 2023 жылы Алматының музей қызметкерлері 25 ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, Францияның жетекші музейлерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласы әкімдігінің жанында 8 музей жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар