Алматылықтар Үлкен Алматы көліне апаратын жол құрылысына шағымданды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылықтар Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер жолын салу кезіндегі олқылықтарға наразы.
Желіде Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер соқпағын салу кезінде баспалдақтың ішіне қоқыс салынғаны туралы видео жарияланды. Сөздерінше, аталған нысанның құрылысына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алматылықтар құзыретті органдардан мердігерді тексеруді талап етті.
Алматы қаласы туризм басқармасы бүгін мамандар аталған учаскеге барып, тексергенін мәлімдеді.
- Тексеру нәтижесінде жұмыстардың белгіленген талаптарға сай жүргізіліп жатқаны анықталды. Соқпақтың негізін дайындау және баспалдақ құрылымдарын орнату кезінде технологиялық талаптардың бұзылғаны анықталған жоқ, - деп мәлімдеді басқарма.
Туризм басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын табиғатқа ұқыпты қарап, таулы аумақтарда тазалық сақтауға шақырды.
Еске салайық, Алматыда абаттандыру кезінде заң бұзған мердігерге айыппұл салынғаны хабарланды.