Алматылықтар Жеңістің 79 жылдығын тойлап жатыр

АЛМАТЫ.KAZINFORM –Алматыда Жеңіс күні мерекесі сән-салтанатпен тойланып жатыр.

Алматы Жеңіс күні
Фото: Александр Павский / Kazinform

Мереке дәстүр бойынша 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Алматы Жеңіс күні
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы әкімі Ерболат Досаев майдангерлерді Жеңістің 79 жылдығымен құттықтады.

Бұдан бөлек,Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әскери-далалық ас мәзірімен мерекелік түскі ас беріліп,концерт өтті.Қазақстандық әртістер майдан даласындағы әндерді орындады.

Сондай-ақ, Алматыда Б.Момышұлы монументіне, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов мемориалдық тақтасына, С.Луганский бюстіне, Ә.Шәріпов ескерткішіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік», «Белгісіз сарбаздың қабірі» және «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл шоқтары қойылды.

Алматы Жеңіс күні
Фото: Александр Павский / Kazinform

Мектептер мен колледждерде әскери қызметшілерді, ардагерлерді, қатардағы азаматтардың қатысуымен «Ерлік сабақтары», сонымен бірге, балаларды әртүрлі әскер түрлерімен таныстыру бойынша сабақтар өтті.

Қазір Алматыда 43 соғыс ардагері тұрады.