Алматылықтар жолды жауып қалған құрылыс қоқысына шағымданды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тұрғындары тұрғын үйдің ауласына жиналған қоқысқа әлеуметтік желіде шағымданды.
Желіде жарияланған бейнежазбадан жиналған қалдықтар үй ауласындағы жолдарды жауып қалғанын көруге болады. Тұрғындар сөзінше, құрылыс қоқысының тұрғанына 2 ай болған.

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Алматы әкімдігіне сауал жолдады. Әкімдіктің баспасөз қызметі редакция сауалынан кейін қоқыс тасталған аймақ толық жиналғанын хабарлады.
— Alem City ТК аумағындағы құрылыс қоқыстарын «Qazaq Stroy Service» ЖШС басқарушы компаниясы аптасына екі рет шығарады. Қазіргі уақытта бұл аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары қолға алынған. Басқарушы компания тұрғындардан тазалық сақтауды және ол үшін арнайы белгіленген жерлерге қоқыс шығаруды сұрайды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қоқыс жәшігіне қандай қалдықты салуға болмайтынын жазған едік.