Алматылықтардың 10%-ы тұмауға қарсы вакцина алды
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда маусымдық тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінге дейін қалада 250 мыңнан астам тұрғын екпе алған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенова маусымдық аурулардың алдын алуда вакцина маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Биыл жергілікті бюджет есебінен «Гриппол Плюс» үш валентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынған. Егу науқаны 1 қазанда басталды.
— 2026 жылғы 18 қарашадағы жағдай бойынша тұмауға қарсы 250 183 адам вакцина алды. Бұл қала халқының жалпы санының 10,3%-на тең. Оның ішінде 248 780 адам немесе 99,5%-ы қауіп тобына жатады, — деді спикер.
Қауіп тобына медицина қызметкерлері, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, медициналық бақылаудағы балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары кіреді.
Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге, мектеп оқушыларына, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарға вакцина салу қарастырылған.
Тұмауға қарсы екпені қайдан алуға болады?
Гауһар Қаткенованың айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Ақылы негізде екпе алғысы келетін тұрғындар қаланың жекеменшік медициналық ұйымдарына, атап айтқанда «Фармаком», IMC және SOS Kazakhstan орталықтарына жүгіне алады.
Спикердің мәліметінше, жекеменшік медициналық орталықтарда ақылы негізде 1,3 мыңнан астам адам вакцина алған. Оның 190-ына екпені жұмыс берушілері есебінен салдырған.
Еске салайық, Қазақстанда 360 мыңнан астам қыз бала адам папиломасы вирусына вакцина алды.