Алматылықтардың 78%-ын көлік кептелісі ең қатты алаңдатады
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) басым бағытын іске асыру бойынша қоғамдық бақылау жүргізілді. Зерттеу нәтижесі алматылықтардың өмір сапасын көрсетті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова зерттеудің нәтижесін таныстырды.
Мониторинг теңсіздікті азайту, қалалардың тұрақты дамуы, тиімді институттар мен тұрақты дамудағы әріптестік сияқты төрт бағытты қамтыды. Жалпы 32 міндет зерттеліп, оның 19-ы қаланың күн тәртібі үшін негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Зерттеу аясында ресми статистика, қалалық бағдарламалар, нормативтік құжаттар, ашық дереккөз бен мемлекеттік органдардың ақпараттық сұрауға берген жауаптары талданды. Сонымен қатар 87 адам қатысқан азаматтық сауалнама, сарапшылармен жасалған сұқбат пен тақырыптық талқылау да өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша төрт талдамалық есеп дайындалды.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің пікірінше, кедергіге жиі тап болатын топтардың қатарында мүгедектігі бар адамдар (60,7%), табысы төмен азаматтар (46,4%) мен шалғай аудандардың тұрғындары (38,1%) бар.
Қаланың тұрақты дамуын бағалау барысында сауалнамаға қатысушылар ең жиі атаған мәселе — көлік кептелісі. Бұл проблеманы респонденттердің 77,9%-ы көрсеткен.
Алматылықтарды алаңдататын өзекті мәселе:
- Көлік кептелісі — 77,9%
- Экология — 46,5%,
- Көшелер мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының жағдайы — 36%,
- Тұрғын үйдің қолжетімділігі — 33,7%
- Қоғамдық көлік — 30,2%.
Сауалнамаға қатысқан он маманның 9-ы экология мен ауа сапасын, 7-еуі көлік қолжетімділігі мен қала дамуына тұрғындардың қатысуын маңызды мәселе ретінде атады.
Сондай-ақ 10 сарапшының барлығы қалалық ортаның сапасы бойынша аумақтық айырмашылықтың бар екенін атап өтті.
Мемлекеттік институттардың ашықтығы мен халықпен өзара іс-қимылына да ерекше назар аударылды. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Алматыда мемлекеттік қызметтердің цифрландыру деңгейі 98% болып, көрсетілген қызметтің жалпы саны 15,6 миллионға жеткен.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың оннан сегізі қалалық бағдарламалардың көрсеткіші мен нәтижесі туралы ақпаратты толықтыру қажеттігін айтқан. Алты маман бюджет пен шығыс, сондай-ақ қоғамдық талқылаудың нәтижесі туралы ашық деректердің маңызын атап өтті.
— Жүргізілген мониторингтің басты маңызы — Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттарын іске асыруға қоғамдық баға берудің кешенді талдамалық негізін қалыптастыру, — деді Диляра Үрманова.
Оның айтуынша, қоғамдық мониторинг сын айту құралы ретінде емес, қалалық саясатты талдаудың қосымша тетігі ретінде қарастырылады.
Еске салсақ, қазанда Алматы көшелерінде 10 балдық кептеліс қалыптасты.