Алматылықтардың орташа жалақысы – 470 мың теңге
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтардың орташа айлық жалақысы 6,1 пайыз өсті. Бұл туралы қалалық Экономика басқармасының басшысы Дастан Өмірбаев мәслихат сессиясында айтты.

– Қарашада жылдық инфляция Алматы қаласында 9,0 пайызға дейін баяулады. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 8,5%-ға, ал 2025 жылы инфляцияның 7,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін, - деді ол.
Айтуынша, Алматыда орташа айлық 6,1 пайызға өсіп, 470 мың теңгеге жетті.
– Қала экономикасының алдағы 5 жылға орташа жылдық өсу қарқыны 5,8% деңгейінде болжанады. Бұл Алматының жалпы өңірлік өнімінің көлемін осы жылғы 28,2 трлн теңгеден, 2029 жылы 47,4 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, осы жылы қала экономикасының өсімі 5,5% деңгейінде күтілуде. 2025 жылы экономикалық өсім 6,4 пайызға жетеді, – деді басқарма басшысы.
Осы жылдың басында елімізде 1,8 млн адамның жалақысы өскені туралы жазған едік.