Алматыны жарықтандыру ісі бойынша сот шешім шықты
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Алматы қаласының сыртқы жарықтандыруын жаңғырту» жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шартын бұзу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Kazinform.
Осылайша, «Алматы Қала Жарық» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының «ABM - Вuilding 2007» ЖШС, «Электроремонт» ЖШС және «ABM – Project» ЖШС үш компаниядан тұратын жеке әріптес-консорциуммен шартты бұзу туралы талабы қанағаттандырылды.
Әкімдік мәліметінше, шарт жасалған кезде жеке серіктес жыл сайын 5 жыл ішінде (2019-2023 жж.) 8915 жарық нүктесін жаңартуға, яғни заманауи шамдар мен бағаналарды ауыстыруға міндеттелген.
«2022 жылдың соңына қарай 35 661 жарық нүктесі қосылуы керек еді, ал 2023 жылдың соңына қарай бұл сан 44 576 жетуі тиіс болатын. Ынтымақтастықтың негізгі шарттарының бірі осы. Кейіннен, жеке серіктестің кестеден артта қалуына байланысты модернизациялау бойынша міндеттемелер үнемі ауыстырылып отырды. МЖӘ шартына қосымша келісімдерде көрініс тапты. Мерзімдерді ауыстыру барысында модернизациялаудың осы жылына жеке серіктес 22 369 шам, 27 716 бағана және 310 қосымша шам орнатуға міндеттенді. Бұл шамамен үш жылдық норма, өткен жылғы жұмыс көлемі бойынша әлі де қарыз бар», - деп атап өтті әкімдіктен.
Жалпы, 2019–2023 жылдар аралығында әкімдік инвестициялар мен қызмет көрсету шығындарын өтеуге шамамен 27 млрд теңге төледі.
«Аяқтау мерзімін айтпағанда, орындалған жұмыстардың сапасы төмен болды. Консорциум орнатылған жабдық бойынша құжаттаманы ұсынбады. Бірде-бір жарық құрылғысы пайдалануға берілмеді және коммуналдық меншікке өтпеді. Нәтижесінде, жаңартылған шамдар әлі де жеке әріптестің меншігінде»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жеке әріптеске берілген мемлекеттік мүлікті қайтару, шығындарды өтеу, сондай-ақ консорциумға айыппұл санкцияларын салу жөнінде шаралар қабылданатын болады.