Алматының 6 мектебінде сейсмикалық төзімділік жұмыстары жүргізіліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаңа мектептер мен қосалқы нысан салынып, кейбір білім беру ұйымдарында сейсмикалық төзімділік жұмыстары жүріп жатыр.
Қала құрылысы басқармасының мәліметінше, Жетісу ауданында орналасқан №103 мектеп - гимназия жанынан 200 орынды қосалқы нысаның құрылысы жүріп жатыр. Қажетті жабдықтары бар оқушы сыныптарынан басқа, жобада асхана және аумақты қосымша көгалдандыру қарастырылған. Жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады.
Осы ауданда №112 жалпы білім беретін мектеп жанынан 300 оқушыға арналған әрі спорт залы, асханасы бар қосалқы нысан салынуда. Құрылыс осы жылдың соңында аяқталады.
Түрксіб ауданында 650 орынды қосалқы нысаны бар №59 мектеп-гимназия күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жобада асхана, киім ілетін орын, 180 орындық аудитория, оқу шеберханалары, мультимедиялық кабинеттер және спорт залы қарастырылған. Жұмыс мамыр айында бітеді.
Сондай-ақ, «Әлмерек» шағын ауданындағы №195 мектеп ғимараты жанынан 450 орынды қосалқы нысанның құрылысы басталды. Жобада мультимедиялық кабинеттер, спорт залы, асхана және аумақты қосымша көгалдандыру көзделген. Нысанды 2025 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарда.
Наурызбай ауданының «Шұғыла» шағын ауданында № 174 мектеп ғимараты жанынан 375 орындық қосалқы нысан салынып жатыр. Жұмыстарды 2025 жылдың ақпан айында аяқтау көзделген.
«Әрбір қосалқы нысан - іс жүзінде жаңа мектеп. Құрылыс кезінде заманауи материалдар қолданылады. Жұмыс сапасын бақылауға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ қалада №136, №138, №70, №10, №9 №155» сейсмикалық күшейту және мектептерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтті басқармадан.
Бұдан басқа, осы жылдың соңына дейін Алатау ауданында екі мектептің құрылысы аяқталады. Біріншісі, 550 орындық «Саялы – 2» шағынауданында, екіншісі, Зерделі шағынауданында да 550 орындық.