Алматының Әл-Фараби даңғылында жарыс ұйымдастырған бірнеше жүргізуші жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бірнеше жүргізуші Әл-Фараби даңғылында түнгі уақытта жарысқан.
Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Әл-Фараби даңғылында бір топ жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасаған бейнежазбаны анықтаған.
– Бейнежазбада олардың қарсы бағыттағы жолаққа шығуы, күрт маневрлер жасауы, апатты жағдай туындатуы және қауіпсіздік талаптарын елемеуі тіркелген. Жедел жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар барлық жүргізуші ұсталды, - деп хабарлады департаменттен.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаевтың айтуынша, құқық бұзушыларға қатысты қауіпті маневр жасау, қарсы жолаққа шығу, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін жағдай туындату, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы жол апатынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.
Кейін Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты кінәлі жүргізуші тергеу изоляторына қамалды.