Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 18 желтоқсанда Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды. Негізгі мерекелік іс-шара Абай алаңында, Республика сарайының алдында өтті. Бұл жерде биіктігі 22 метр болатын қаланың бас шыршасы орнатылды. 

Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, бас шыршаны безендіруге 7 шақырымнан астам жаңа жылдық гирляндалар, сондай-ақ сәндік элементтер, үлкен және кіші шырша ойыншықтары, жаңа жылдық әшекейлер мен жарық кескіндемелері пайдаланылды.

– Қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи мультимедиялық технологияларды, ауқымды жарық безендіруді және қазақстандық эстраданың танымал орындаушыларының өнерін біріктірген мазмұнды мерекелік бағдарлама ұсынылды. Қаланың жаңа жылдық бас шыршасының шамын жағу рәсімінің алдында Республика сарайының қасбетінде екі минуттық лазерлік шоу көрсетілді, - деп хабарлады қала әкімдігі.

Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі

Ғимараттың қасбетінде Алматының өзіндік болмысын бейнелейтін ауқымды жарық кескіндемелері көрсетілді. Көрнекі бейнелерде қаланың танымал символдары — таулар, бүркіт бейнесі, сондай-ақ жаңа жылдық элементтер қолданылды. Композицияны жарқын қар ұшқындары, нәзік жарық өрнектері мен динамикалық жарық сәулелері толықтырып, мерекелік әрі салтанатты атмосфера қалыптастырды.

Бағдарламаның тағы бір басты бөлігі, жарық шоуын әсем толықтырған сахналық фейерверк болды, ол мерекелік көңіл күйді одан әрі күшейтті.

Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі
Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі

Көрермендерге қазақстандық эстрада жұлдыздары, шоу-балет әртістері мен мәнерлеп сырғанаушылар орындаған «Кел, Жаңа жыл!» вокалды-хореографиялық композициясы ұсынылды. Сонымен бірге сахнада Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, «КешYOU», «Жігіттер», «Astra» топтары, сондай-ақ Балжан Бидаш пен Kodi өнер көрсетті. 

Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі

Жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу салтанатты рәсімдері қаланың барлық 8 ауданында өтті. Мерекелік алаңдар мына мекенжайларда орналасқан:

• Жетісу ауданы – «Гүлдер» саябағы (Серіков көш., 2А);

• Бостандық ауданы – «Атакент» ҚЫІО;

• Әуезов ауданы – Family Park;

• Медеу ауданы – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ;

• Алатау ауданы – «Алматы Арена» спорт кешені;

• Наурызбай ауданы – Шұғыла шағынауданы, 347 (амфитеатр);

• Түрксіб ауданы – №6 Оқушылар үйі (Сейфуллин көш., 13/1);

• Алмалы ауданы – Абай атындағы ҚазҰТОБ.

Алматының барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар жаңа жылда қай күндері демалатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар