Алматының бас жоспары қоғамдық тыңдауда талқыға түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қаланың жаңа Бас жоспарының стратегиялық экологиялық бағалауы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр.
Тыңдаулар барысында шаһарды экологиялық тұрғыдан дамытуға бағытталған жұмыстар, Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан тау бөктерлерінде күрделі құрылыс жүргізуге толық тыйым салу, Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағы аумағын қорғау режимін сақтау, сондай-ақ қаладағы ауа сапасын бақылау желісін 50-ден астам тұрақты бақылау бекетіне дейін кеңейту мәселелері талқыланды.
— Стратегиялық экологиялық бағалау қаланың даму жоспарын әзірлеу кезеңінің өзінде-ақ экологиялық факторларды ескеруге мүмкіндік береді және Алматының жаңа Бас жоспарын дайындаудағы маңызды құрамдас бөлік саналады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Қоғамдық тыңдаулар барысында тұрғындар қаланы көгалдандыру, жасыл аймақтардың азаюы, ауызсу мәселесі және тұрғын үй кешендерінің көбеюіне байланысты туындайтын экологиялық сұрақтарға байланысты алаңдаушылықтарын білдірді. Оған әкімдік пен басқарма өкілдері, мамандар мен сарапшылар жауап берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Бас жоспарындағы өзгерістер қашан бекітілетінін жазғанбыз.