Алматының денсаулық сақтау саласына 344 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматы қаласының денсаулық сақтау саласының бюджеті 334,7 млрд теңге. Оның 165,1 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджан айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: gov.kz

Айтуынша, МӘМС шеңберінде қаржыландыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 7 пйаызға өскен. 

– Биыл Алматы қаласы бойынша 230 медицина мекемесі Қормен келісімшарт бекітті, оның 138-і – жекеменшік. Қормен жұмыс істеуге ниет білдірген жаңа клиникалар саны – 12. Олар негізінен емханалар мен стоматологиялық клиникалар. Кепілдендірілген тегін көмек және МӘМС пакеттері бойынша тапсырыс алған емханалар мен стационарлар тізімін қордың msqory.kz ресми сайтынан табуға болады, – деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан. 

2025 жылы қаржының басым бөлігін яғни, 46 млрд теңгесін амбулатория деңгейінде көрсетілетін медициналық көмекке, соның ішінде, емхана қызметіне, 36,9 млрд теңгесін консультативтік-диагностикалық қызметтерге жұмсау жоспарланған. Бұл бағытты қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23% артып отыр. 

– Осы жылы жүкті әйелдерді антенаталды бақылауға қоса, МӘМС шеңберінде бала сүюге дайындалып жүрген (прегравидарлық даярлық) ерлі-зайыптыларға консультативтік-диагностикалық көмек қарастырылған. Бұған 651 млн теңге бөлінді. Бұл дені сау ұрпақ әкелуге жоспарлы дайындық деңгейін көтеруге көмектеседі, – деді спикер.

Прегравидарлық даярлық (алдын-ала даярлық) – ерлі-зайыптылардың дүниеге бала әкелуге дайындығы мен денсаулық жағдайын диагностикалауға арналған профилактикалық және емдік шаралар кешені. 

Ол «Аналар саулығы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілмек.

Еске салайық, Президент 2021 жылы бастамашылық еткен «Аңсаған сәби» бағдарламасы нәтижесінде елде төрт жылда 10000-нан астам сәби дүниеге келді.

Бұған дейін «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2030 жылға дейін жалғасатыны туралы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар