Алматының дизайн-коды: маңдайшалар мен баннерлер алынып жатыр

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қаланың дизайн-кодына сәйкес келмейтін маңдайшалар мен плакат баннерлерін бөлшектеуді бастады.

Алматының дизайн-коды 2023 жылдың 29 желтоқсанда қабылданып, осы жылдың наурыз айында күшіне енді. Оның 7 бағытының бірі әр түрлі ақпарат құралдарын безендіруге және толтыруға, сондай-ақ олар орналасқан объектілерді безендіруге қойылатын талаптарды анықтайды. 

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметкерлері бизнес өкілдері арасында жергілікті жердің сәулет ансамблін ұстану қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни, кез келген сыртқы ақпарат ғимараттың архитектурасын қабылдаудың тұтастығын бұзбауы керек. Ал ғимараттардың бірінші қабаттарының түстері мен әрлеу материалдары қасбеттердің архитектуралық стиліне сәйкес келуі тиіс.

«Меншік иелеріне заңсыз жарнаманы бөлшектеу туралы хабарлама беріледі. Бұл процесс қалалық ортаның эстетикасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қала көшелеріндегі визуалды дыбысты азайтуға арналған. Жұртшылықпен және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, біз қаламыздың жаңа келбетін жасаймыз», - деп атап өтті қала құрылысы және урбанистика басқармасы.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес дизайн-код кезең-кезеңімен енгізіледі. Қолданыстағы нысандарға кәсіпкерлерді дизайн-код қағидаттарын өз еркімен және белсенді түрде енгізуге ынталандыру үшін кешенді тәсіл қарастырылған. Жаңа нысандар үшін ұсыныстар мен талаптардың толық көлемі қолданылады.

Соңғы жаңалықтар