Алматының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізуге мораторий жарияланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) өзгерістер енгізуге жыл соңына дейін мораторий жарияланды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
«Біздің ауданның құрылғанына 10 жыл болды, осы уақыт ішінде аудан дамып, құрылыстар көбейді. Жақында әкімдік нақтыланған құрылысты шектейтін егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларын қабылдады. Бірақ заң бойынша оларға жылына екі рет өзгерістер енгізуге болады. ЕТЖ-ға енгізілген барлық оң бастама осыған байланысты өзгеріп кетпей ме?»,- деп сұрады алматылық тұрғын.
Ерболат Досаев былтыр үкімет Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын қабылдағанын еске салды.
«Ал желтоқсан айының соңында осы шешімді жүзеге асыру үшін біз барлық полиорталықтардың егжей-тегжейлі орналасу жоспарына түзетулер қабылдадық. Алматы қаласының болашақтағы дамуы - шағын қабатты үйлердің құрылысы. Мен жыл соңына дейін түзету енгізуге мораторий жарияладым. Егер өзгеріс қажет болса, келесі жылы қарастырамыз. Менің ойымша, әзірлеушілер де, тұрғындар да мені түсінеді, өйткені біз жоспардың тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек»,- деп жауап берді Алматы әкімі.
Айтуынша, Наурызбай ауданында қоғамдық кеңістікті барынша жақсартуға күш салынады.
Бұған дейін Алматы әкімдігі сарапшылармен және қоғам өкілдерімен кеңінен талқылаудан кейін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕТЖ) бекіткені туралы жазған болатынбыз.