Алматының грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясына жаңа басшы келді

Омар Алиев
Фото: Алматының грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Алматыда жетекшілер, жаттықтырушылар, спортшылар мен күрес белсенділерінің басын қосқан қалалық грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы аяқталды. 

Конференцияда федерацияның соңғы үш жылдағы жұмысының қорытындылары, Парижде өтетін алдағы Олимпиада ойындарына дайындық және жаңа басшылықты сайлау сияқты негізгі мәселелер талқыланды.

спорт
Фото: Алматының грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясы

Қалалық күрес федерациясының басшысы Айдар Беркімбаев спортшылардың ерекше жетістіктерін, оның ішінде еркін күрестен әлем чемпионатының тарихындағы тұңғыш алтын медалді Ризабек Айтмұхан жеңіп алғанын атап өтті.

Астанада өткен күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында алматылықтар жоғары деңгей көрсетіп, еркін күрестен жалпы есепте үшінші, әйелдер күресінен бірінші орынды жеңіп алды.

Федерация басшылығындағы өзгерістер туралы хабарландыру маңызды сәт болды. Осыған байланысты Айдар Беркімбаев басшылық қызметінен кетіп, оның орнына кәсіпкер және меценат Омар Әлиевті тағайындауды ұсынды. Оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Омар Әлиев өзіне білдірген сенім үшін ризашылығын білдіріп, балалар мен жастарды спортқа баулуға баса назар аударып, қалада күресті дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Жоғары нәтижелер мен күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Айдар Беркімбаевқа Республикалық күрес федерациясы президентінің Алғыс хаты табыс етілді.

Конференцияға қатысушылар U-17 және U-23 жас санаттары бойынша алдағы ҚР чемпионатында спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар