Алматының қай аудандарында жаңа жолдар пайда болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда 300 шақырым жолды жөндеу кезінде полимерлі битум негізіндегі асфальтбетонды қоспа қолданылады.

жол жөндеу
Фото: Kazinform

Биыл мегаполисте жөндеу жұмыстары магистральдық және аудандық маңызы бар көшелерде жүргізіледі. Орташа жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастап, қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарда. Сондай-ақ «Алғабас», «Ақжар», «Шұғыла», «Шаңырақ-1», «Жас-Қанат», «Боралдай» және «Рахат-Мәдениет» сияқты бірнеше шағын аудандарда 35 шақырым жаңа жол салу көзделген.

– Инженерлік желілерді салу аяқталған көшелерде жол құрылысы басталады. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 92 пайыз. Биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарлда, - деп жауап берді қалалық мобильділік басқармасы Кazinform агенттігі жолдаған сауалға.

Көшелердің толық тізімі мен орташа жол жөндеу жұмыстарының жоспары техникалық құжаттама сараптамасының қорытындысы шыққаннан кейін жарияланатын болады. 

жол жөндеу
Фото: Kazinform

Сонымен қатар 2025 жылы қала көшелері мен жол желілеріне 5 мың қалқымалы люктер мен нөсер құбырлары орнатылмақ.

Көшелерді ұзарту

Биыл маусым айында Жансүгіров пен Сейфуллин даңғылындағы жолайырықтың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын қаланың шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталады.

Төле би, Жұбанов, Рысқұлов даңғылдарын узарту жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ Мұқанов, Хмельницкий және Оңғарсынова көшелерін ұзарту көзделген. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірленді. 

жол жөндеу
Фото: Kazinform

Жалпықалалық маңызы бар магистральды көшелердің бірі – Тілендиев көшесі. Бас жоспарға және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕТЖ) сәйкес бұл көшені Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін, ұзындығы 10,5 км ұзарту жоспарда.

Еске салайық, бұған дейін жоба бойынша 140-тан астам жер телімі сатып алынуы мүмкін екені туралы жазған болатынбыз. 

Бұған дейін әкімдік Алматыдағы көлік кептелісі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетіні туралы айтқан болатын.

Алматы агломерациясы аясында ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Алматы облысының аумағы арқылы алты радиалды көшенің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Абай, Рысқұлов, Ақын Сара, Саин, Тілендиев және Солтүстік айналма көшелері бар.

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын жақсарту, жол желілерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, азаматтардың жол жүру уақытын қысқарту. Жоба көлік ағындарын оңтайландыру және экологиялық таза технологияларды енгізу арқылы жылдамырақ және ыңғайлы бағыттарды құруға, ауаның ластануын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жол-көлік апаттарын азайтып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін жағдай туғызады, – деп атап өтті облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Соңғы жаңалықтар