Алматының қай көшелерінде автотұрақ бағасы 150 және 200 теңге болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының коммуналдық автотұрақтарында 4 қазаннан бастап жаңа тарифтер қолданысқа енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалды. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болды.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген қала әкімдігі бағасы өзгерген автотұрақ мекенжайларының тізімін ұсынды. Жаңа тариф бойынша бір көшенің бойындағы автотұрақта әртүрлі баға болуы мүмкін. Мәселен, Абай даңғылында Гагарин даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейінгі баға 100 теңге болса, Әуезов көшесінен Гагарин даңғылына дейін 150 теңге. Ал Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін Абай даңғылының бойында көлікті қалдыру үшін енді сағатына 200 теңге төлеу қажет.
Тариф тек қала орталығындағы автотұрақтарда өзгермеген. Көлік жүктемесіне қарай қаланың шеткі тұстарындағы да баға ауысқан. Мегаполистің батыс бөлігіндегі Момышұлы көшесінде Жұбанов көшесінен Төле би көшесіне дейін 100 теңге, Марғұлан көшесінен Ұлықбек даңғылына дейін 200 теңге белгіленген.
Сондай-ақ қаладағы базарлар мен олардың жанындағы тұрақтардың барлығында дерлік коммуналдық автотұрақ бағасы көтерілген. Әсіресе, халық арасында «Барахолка» атымен базарларды атап өтуге болады. Мұнда «Адем» сауда орталығынан «Алатау 2» базарына дейін тұрақ құны 150 теңге болып бекітілді.
Жаңа тарифтер бойынша толық тізімді мақалада ұсынылған инфографикадан көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автотұрақ тарифінің өзгеруіне байланысты жүргізушілер нені білуі керек екенін жазғанбыз.
Сонымен қатар Алматыда енді арнайы тұрақта көлік сақтау үшін ақы алынатынын жазған едік.