Алматының Наурызбай ауданындағы су мәселесі қалай шешіліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Наурызбай ауданының тұрғындарын тұрақты сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Биыл жазда аудан әкімдігі Ақжар және Қарағайлы шағын ауданында 90 км жаңа сумен қамту және су бұру желілерін салу жұмыстарын бастады. Бұл мақсатқа 3,5 млрд теңге бөлінді.
Жұмысты 2025 жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланған.
Қарғалы мен Ақсайдың екі негізгі су көздерінде су лайланса ауданның оңтүстік бөлігінде тұратын тұрғындарға тіршілік нәрін беру шектелетін. Бұл мәселе «Қарғалы» су жинағышын салу арқылы шешілмек.

Қазір су жинағыш, магистральдық су құбыры, су дайындау станциясы және сүзгі станциясының құрылысы сынды құрылыстың 1 кезеңі аяқталды.
Екінші кезеңде су тартуды толық іске қосу үшін ұзындығы 6,5 км жаңа кәріз коллекторының құрылысын бітіру керек. Жұмыстар қыркүйек айына дейін ақталады.

Бұл ауданның 50 мыңнан астам тұрғынын сумен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашады.
«Сондай-ақ, Наурызбай ауданының батыс бөлігінің 150 мың тұрғынын және Алматы облысының екі ауылын сапалы сумен қамтамасыз ететін «Ақсай» су жинағышының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны 2025 жылдың қараша айында аяқтау көзделген, қазіргі уақытта жұмыс 55% бітті», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Бұған қоса, осы жылдың қыркүйек айында Тастыбұлақ және Таусамалы шағын аудандарында инженерлік желілер салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025 жылдың көктемінде бастап, 2026 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланған.