Алматының онкологтары 94 жастағы науқастың асқазанына ота жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы онкологиялық орталығына асқазан қатерлі ісігі диагнозы қойылған 94 жастағы кейуана түсті.

Алматының онкологтары 94 жастағы науқастың асқазанына операция жасады
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Орталық мамандары тәуекелдерге қарамастан, жасы келген науқаса операция жасау туралы шешім қабылдады.

Алматының онкологтары 94 жастағы науқастың асқазанына операция жасады
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

«Көбісі науқастың жасы мен жағдайын ескере отырып, ота жасаудан бас тартты. Бірақ барлық қажетті тексеруді жүргізгеннен кейін оның жағдайы ECOG шкаласы бойынша 1-2 баллға бағаланды. Бұл оның белсенділігін азды-көпті сақтап қалғанын көрсетті. Сондықтан біз науқасқа ота жасау арқылы жалғыз мүмкіндігін пайдалануды ұйғардық. Резекция операциясы жасалды, оның барысында асқазанның 3/4 бөлігі алынды. Операция сәтті өтті. Жүз жасқа дейін өмір сүреді деп сенемін», – дейді бөлім басшысы Нұрлан Балтаев.

Асқазанның қатерлі ісігі Қазақстанда кең тараған онкологиялық патологиялардың бірі. Алайда, Алматы онкологиялық орталығының дәрігерлері тіпті егде жастағы науқастарға да, егер олардың физикалық белсенділігі жеткілікті болса, операцияның сәтті жүргізілуі мүмкін екенін дәлелдеді.

«Біз әрқашан пациенттерге, тіпті ең қиын жағдайларда да көмектесу жолдарын іздейміз. Жетістікке жету мүмкіндігі болса, жас кедергі емес», - деп атап өтті Нұрлан Балтаев.

Осыған дейін орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асқаны туралы жазған едік. 

Бұған дейін хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасын әзірледі.