Алматының Райымбек даңғылындағы BRT жобасы қайта қаралып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан BRT (жедел автобус желісі) жобасы қайта қаралып жатыр. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, бұрын салынған инфрақұрылымның бір бөлігін бұзу мәселесі көтерілді. Бұл жұмыстар мердігер компанияның қаражаты есебінен атқарылуы мүмкін.
Жоба 2025 жылғы сәуір айында басталған.
Жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын BRT желісін салу үш кезеңге бөлінген:
• Сейфуллин даңғылынан Пушкин көшесіне дейінгі 1,8 шақырым;
• Ахрименко көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі 7,2 шақырым;
• Ахрименко көшесінен Алтын Орда көшесіне дейінгі 7,5 шақырым.
Жоспар бойынша BRT құрылысы 2026 жылдың күзінде аяқталуға тиіс еді. Жобаның жалпы құны — 39,9 млрд теңге. Бас мердігерлер — «Казахдорстрой» ЖШС мен «Прогресс KZ» ЖШС.
Алайда қазір Райымбек даңғылында белсенді құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Бұған дейін Емцов көшесі мен Өтеген батыр көшесінің аралығындағы қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтың дайын бөлігін бұзу жоспарланып отырғаны белгілі болған.
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов редакцияның сауалына берген жауабында қазіргі уақытта жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 37 пайызы орындалғанын мәлімдеді.
— Биыл Райымбек даңғылының Өтеген батыр көшесі мен Емцов көшесі аралығындағы жол төсемінің кейбір элементтерін бұзу мәселесі қарастырылып жатыр. Демонтаж жұмыстары бас мердігер ұйымның қаражаты есебінен жүргізіледі, — деді ол.
Сонымен қатар жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алу рәсімдері аяқталған учаскелерде даңғылдың жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қала билігі жобаның бастапқы тұжырымдамасын өзгерту мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұрын жоспарланғандай BRT желісін жолдың ортасына орналастырудың орнына, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды Райымбек даңғылының бойында жолдың шеткі бөліктеріне көшіру нұсқасы пысықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әкімдік Тимирязев көшесіндегі BRT желісін бөлшектеу жоспары туралы хабарлаған еді.
Мұнда біржақты қозғалыс енгізіліп, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар жолдың шетіне ауыстырылмақ. Болашақта бұл тәжірибені әл-Фараби даңғылына, Шығыс айналма автомобиль жолына (ШААЖ) және Солтүстік айналма көшесіне де енгізу жоспарланып отыр.