Алматының Сайран көліне аққұтан мен үйрек мекендей бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық фотограф Дмитрий Доценко Сайран көліне қонған аққұтан мен жабайы үйректердің суреттерін жариялады.
Сайран көлі қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Алматылықтар көлге аққұтан мен үйректерді тамашалауға келеді.
Фотограф Дмитрий Доценко балық тістеп тұрған аққұтанды суретке түсіріп алды.
«Бұл біздің Алатаудың эндемик балығы. Сондықтан менде өте құнды сурет түсірдім. Ойлап қараңызшы, 2024 жылы екі миллион тұрғыны бар мегаполистің қақ ортасында эндемик нағыз жабайы табиғатты көре аласыз. Бұл ғажап нәрсе, оны қорғау керек», - деп жазды алматылық фотограф өзінің Instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 1971 жылдан бері Алматыда алғаш рет Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Сайран көлі тазартылды. Көлдің түбінен және жағасынан 140 мың текше метрден астам қоқыс пен лай шығарылды.
Айта кетейік, биыл Алматы әкімдігі Әуежай көлі мен Қарасу көлін тазартуды жоспарлап отыр.