Алматының туристік нысандарына 3D-тур жасауға болады
Almaty Tourism бюросы қаланың көрікті нысандары бойынша тегін виртуалды 3D-турлар әзірледі. Жоғары сападағы сандық көшірмелердің арқасында үйде отырып-ақ туристік нысандарға баруға болады, деп хабарлайды Kazinform.
Виртуалды тур Алматыны халықаралық деңгейдегі туристік аймақ ретінде танытуды көздейді.
«Бастапқыда интерактивті экскурсия жасағымыз келді, сол себепті тінтуірдің көмегімен толық саяхат жасай аласыз. Кез келген адам үйден шықпай-ақ көрікті нысандар бойынша барынша ақпарат ала алады. Мысалы, тінтіуірді Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының сахнасына апарып, онда бұрын қандай қойылымдар болғанын білуге болады. Мұндай виртуалды турлар тек ақпарат беріп қана қоймай, сонымен қатар экскурсиялық-туристік нысандармен толық танысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Almaty Tourism Bureau басшысы Камила Лұкпанова.

Қазірдің өзінде төрт 3D тур құрылды, оларды VisitAlmaty.kz. сайтынан көруге болады.
Қолжетімді турлардың ішінде Д.А. Қонаев мемориалдық пәтер-музейі, қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-музейі , сондай-ақ Абай ҚазҰОБТ және Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бар.

Виртуалды саяхатты бастау үшін тек бір қадам жасау жеткілікті – кіре беріс есікті басып, ғимараттың ішіне кіресіз. Тінтуірді жылжыту арқылы жан-жаққа қарап, әр бөлігін зерттей отырып, дәліздер арқылы алға жылжи аласыз. Әрбір орынның атмосферасына толық ену үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді аудиогидті қосуға болады.

Биылғы қараша айында туристерге Алматының тағы тоғыз нысаны бойынша, оның ішінде ҚР орталық мемлекеттік музейі, Республика Сарайы, Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар музейі, Алматы метрополитені, Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Орталық мешіт, Алматы Вознесенск кафедралды соборы және Байкен мешіті бойынша виртуалды саяхат қолжетімді болады.