Алматы–Шанхай рейсі екі ел туризмін жақындастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Қытай туристері үшін тартымды бағытқа айналып келеді. 2026 жылғы 29 наурызда Алматы–Шанхай тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, келушілер санының артуына серпін бермек. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Алматы–Шанхай рейсі екі ел туризмін жақындастырды
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстан аспан асты елінен келетін саяхатшылар үшін тартымды өңірге айналып, туристер ағыны жыл санап артып келеді. Мәселен, 2024 жылы елімізге 655 мың Қытай азаматы табан тіресе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 968 мыңға жетіп, 48 пайызға жуық өсім көрсетті.

2026 жылғы 29 наурызда Air Astana әуе компаниясы Алматы — Шанхай бағыты бойынша тікелей қатынасты іске қосты. Бұл — Қазақстан мен Азияның ірі мегаполистерінің бірін байланыстыратын жаңа әуе жолы.

Ұшақтар аптасына үш мәрте — сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері қатынайды. Ал Шанхайдан Алматыға кері рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндеріне жоспарланған.

— Жаңа бағыттың ашылуы екі ел арасындағы туристік әріптестікті нығайтудың маңызды қадамы болды. 1 сәуір күні Шанхайдан Алматыға Қытайдың 8 ірі туроператоры ұшып келді. Олар «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Air Astana бірлесіп ұйымдастырған танысу туры аясында еліміздің басты туристік нысандары мен саяхат мүмкіндіктерін өз көзімен тамашалай алады, — делінген хабарламада.

Сапар барысында меймандар «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына, Көлсай мен Шарынға барып, өңірдің өзге де бірегей табиғи әрі мәдени орындарын аралайды.

Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстанның туристік бизнес өкілдерімен B2B кездесулер өткізілмек. Бұл шара жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және екі елдің туроператорлары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.

Айта кетейік, туризм саласына салынған инвестиция көлемі 33% артты.

Соңғы жаңалықтар