Алматы-1 - Шу темір жол телімінде жолаушылар легі екі есеге ұлғаяды - А. Мамин

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы-1 - Шу темір жол телімінің екінші желісі іске қосылған соң, жолаушылар легі 2 есеге ұлғаяды. Бұл туралы бүгін Алматы-1 - Шу участогында жүргізіліп жатқан екінші темір жол желісіне тұңғыш рет Қазақстанда шығарылған рельстерді төсеу шарасы барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.

Алматы-1 - Шу темір жол телімінде жолаушылар легі екі есеге ұлғаяды  - А. Мамин

«Бұл өте күрделі участок. Бұл жолмен пойыздар көп жүреді. Құдай қаласа, екінші желі іске қосылған соң, жолаушылар легі екі есеге дейін ұлғаяды. Қытайдан шығатын пойыздар осы желі арқылы Орталық Азия өңірінің басқа да елдеріне, Парсы шығанағына және Еуропа елдеріне бет алады. Бұл жоба Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, желіні уақыт кестесі бойынша дер кезінде іске қосуымыз қажет», - деді А. Мамин.

Өз кезегінде  «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ темір жол құрылысы бойынша бас менеджері Әли Қарабалин  Асқар Ұзақбайұлына желі құрылысы туралы баяндай келе, биылғы жылдың  шілде айынан бастап-ақ, жаңа темір жол желісінің дайын болған әрбір участогі іске қосыла бастайтындығын айтты.

«Біз биылғы жылдың 1 қарашасында рельс төсеу және монтаждау жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіспіз. Кейін, барлық қажетті құжаттарды рәсімдей бастаймыз. Қазір құрылысқа қажетті материалдар дер кезінде жеткізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына барлығы 1,5 мыңдай адам тартылған», - деді Ә. Қарабалин.

Айта кетелік, Алматы-1 - Шу темір жол телімінің 110 шақырымдық екінші желісі іске қосылған соң, жолаушылар легі екі есеге ұлғаяды. Сонымен қатар, бұл екінші жаңа желі Тальго пойызының жылдамдығын сағатына 160 шақырымға, өзге жолаушылар пойызының жылдамдығын сағатына 120 шақырымға және жүк пойыздарының жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді.