«Алматы-1-Шу» темір жол учаскесінің екінші желісінің құрылысы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясат аясында «Алматы-1-Шу» темір жол учаскесінің екінші желісінің құрылысын жүргізу және электрлендіру басталды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.
Құрылыстың ашылу салтанатына ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мәмин, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.
Бұрыннан келе жатқан 306 шақырымға созылған темір жол желісінде пойыз қозғалысы тасқындай түсуде. Бұл жаңа екінші темір жол желісін салу арқылы жолдың өткізу қабілеті қазіргі 25 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға дейін артады. Сонымен қатар жүк пойыздарының уақыты да екі есеге қысқарады.
Жобаны жүзеге асыру барысында басты 110 шақырымдық жол салынады. Басты жолдың бойында 92 дана инженерлік құрылғылар болса, 22 темір жол көпірі, екі жол өткелі салынады. Құрылыс басталған кезде онда 1500-ден астам жұмыс орны қамтылады.
Соңғы жылдары «Астана-Алматы» темір жол желісінің жоғарғы қабаты біршама жаңғыртылды. Ол арқылы «Тұлпар» жүрдек жолаушылар пойызының қозғалыс жылдамдығы арта түсті.
Мемлекеттік маңызы зор жобаны жүзеге асыру ел экономикасына зор серпін беретін болады.