Алматы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс берді ме - Байбектің жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Алматы әкімі Бауыржан Байбек тілшілер қауымының «Алматы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс берді ме» деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Өздеріңіз білетіндей, біз жылдың басында Қысқы Универсиаданы өте нәтижелі өткіздік. Универсиада - Олимпиаданың алдындағы өте ауқымды спорттық сайыс. Оған барлығы жоғары баға берді. Бізден кейін Тайпейде болған отырыста «Алматы - Универсиаданы тарихта ең керемет өткізген қала» болғаны туралы айтылды. Сондықтан, біздің сайыс өткізу тәжірибемізді қазіргі таңда барлығы зерттеп жатыр», - дейді қала әкімі.

Оның айтуынша, Алматыда қысқы спорт түрлері үшін инфрақұрылымның бәрі дайын.

«Сол себепті, мүмкін Алматы қысқы Олимпиаданы өткізуі керек дегенді айтып жатқан көрінеді. Бірақ, мен сіздерге ресми түрде айта аламын. Алматы қаласы 2026 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім берген жоқ. Бірақ, бізден «сіздерде бәрі дайын ғой, өтінім бересіздер ме» деп сұрап жатыр. Біздің А+ ұлттық компаниясы универсиаданың ашылуы мен жабылуын керемет жақсы жасаған. Шетелдіктер келген кезде «бұл шараны кімдер осылай ұйымдастырды, америкалықтар ма» деп сұрады. Біз «жоқ, өзіміздің қазақ компаниясы» деп жауап бердік. Сондықтан, шетелдік меймандар сайыстың ашылуы мен жабылуы Олимпиада ойындарынан кем болмағанын айтып жатыр. Жалпы, ЭКСПО, Универсиада секілді шараларды өткізу мемлекетке көп тәжірибе береді. Кезінде Олимпиаданы өткізген Токио инфрақұрылымын сол шара арқылы көтеріп алған. Қайталап айтарым - Алматы қаласы бұл тұрғыда ешқандай ұсыныс берген жоқ», - деп түйді Бауыржан Байбек. 

Соңғы жаңалықтар