Алматы 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын өткізуге дайын

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы халықаралық тұғырдан шаңғымен секіру кешенінде 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілді.

Алматы  7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын өткізуге дайын

Шара барысында арнайы жасақталған еріктілер алауды қалай алып жүруді белгіленген ереже бойынша жүргізіп, алаугерлерге тапсыру сәттерін бір пысықтап алды. Сонымен қатар қазандыққа алауды тамызу жұмыстарын бірнеше рет қайталап, жаттықты.

Аталған эстафетаға жалпы 1020 алаугер қатыстырылмақ, Алматы қаласынан - 80, қалған облыстардан - 60, ал Астанада өткізілетін алау эстафетасының ақтық кезеңіне 100 алаугер атсалыспақ. Сондай-ақ 1020 алаугер түгелдей 30 қаңтар күні Астана қаласындағы бас қазандықта алауды жағуға қатысатын болады.

Бұрын да айтып өткеніміздей, Алматыдағы Алау эстафетасы Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінен бастау алып, Астана алаңында мәреге жетеді. Бағыттың жалпы ұзақтығы 11,7 шақырым. Ал жалпылай алғанда 15 мың шақырымнан асады.