Алматы әкімдігі балалардың спорт үйірмелеріне қанша қаржы бөлді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық 41 мың бала мен жасөспірімдер спорт секцияларына тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа Алматы қаласының әкімдігі 956 млн теңге бөлді. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі балалардың спорт үйірмелеріне қанша қаржы бөлді

Рүстем Байсейітовтің айтуынша, 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қала бойынша 71 бағыт бойынша тегін секциялармен қамтылған.

Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен жоба Бірыңғай Республикалық ARTSPORT.EDU.KZ.электронды платформада жүзеге асырылып жатыр.

«Ата-аналарға Алматыдағы барлық тегін секциялармен танысып, үйден шықпай-ақ балаға ең қолайлысын таңдау мүмкіндігі пайда болды. Бұл платформа баланы онлайн режимінде жазуға мүмкіндік береді, бұл жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте ыңғайлы. Биыл барлығы 53 526 өтінім беріліп, 37 спорт түрінен 41 530 өтінім бойынша ваучерлер іске қосылды», - деп атап өтті Спорт басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, алматылық балалар арасында футбол, шахмат, таэквондо, дзюдо және жүзу бойынша тегін секциялар сұранысқа ие.

Ол ата-аналардың баланың тұрғылықты жерінен жаяу қашықтықта секцияларды таңдауға мүмкіндігі бар екенін айтты.

Мысалы, әр ауданда 100 бос уақыт орталығы бар, онда 8 мыңнан астам адамды қамтитын тегін негізде 36 спорт секциялары мен үйірмелері жұмыс істейді.

2023 жылға қарай орталықтар санын 200-ге дейін арттыру жоспарланған, биыл қосымша тағы 50-і ашылды.

Еске салсақ, өткен жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Құжатта халықтың барлық жас топтары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген.