Алматы әкімдігі бүгін қоғамдық көліктер жұмысының неге бұзылғанын түсіндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімдігі қоғамдық көліктер жұмысының бүгін неге бұзылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«6 қазан күні Алматыда ауа температурасы төмендеп, қара аралас жауын жауды. Осыған байланысты қоғамдық көліктердің жүру кестесінде кешігулер мен аралық үзілістер пайда болды, жоспарлы кейбір бағыттар тек сағат 8-ге таман қалпына келтірілді»,-деп хабарлады Алматы қалалық мобильділік басқармасынан.
Басқарма мәліметінше, сондай-ақ бүгін қосалқы стансалардың бірінде (№16) электр кабелі істен шықты. Салдарынан Шаляпин көшесінен Саин және Момышұлына дейін, Момышұлы бойымен Абайға дейін 3 -ықшамауданнан Саин көшесіне дейін және Саин бойымен Жұбановтан Студент көшесіне дейін троллейбус бағыттарының қозғалысы бұзылды.
«Маршруттардың толық тоқтап қалуын болдырмау үшін жоспарланған №5, 12, 6, 11 троллейбустар санын қысқарту туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта барлық троллейбустар 100 пайыз жолға шықты»,-деп деді басқармадан.
Ал таңертеңгі уақытта автобустар санының 94% -ға дейін азайып кетуі ауа райына байланысты болды. Себебі, төмен температураның әсерінен дизель отыны қоюланып кеткен. Тасымалдаушылар маусымдық отынды жылдық кесте бойынша 15 қазанға дейін жеткізуге тапсырыс берген.
«Басқарма мен тасымалдаушы компания автобустардың маршруттарға жоспарлы шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қолданып жатыр», - делінген хабарламада.