Алматы әкімдігі қостанайлықтарға гуманитарлық көмек жинағын жариялады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталды. Қалалық жастар саясаты басқармасы фронт-офисінің еріктілері мемлекеттік жастар саясаты қорымен, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен, сондай-ақ Алматы қаласының аудандық әкімдіктерімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат шаһар әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаражат пен қажетті азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарын жинауға кәсіпкерлер, аудандық әкімдіктер қосылды. Бүгін Қостанай облысына гуманитарлық көмекпен төрт жүк көлігі аттанады. Біз негізгі азық-түлік – су, қант, май, жарма, печенье, кептірілген жемістер және т.б., сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған киім, мектеп керек-жарақтары, аяқ киімдер жинадық», - деді жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Гуманитарлық көмек жинау және еріктілерді қабылдау қаланың барлық сегіз ауданында таңертең ерте жүргізіледі, жиынның бас штабы Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекенжайы бойынша DEPO EVOLUTIONS PARK болып белгіленді. Азық-түлік, ұзақ мерзімді сақтау өнімдері, дәрі-дәрмектер, гигиена құралдары, киім және төсек-орын жабдықтары қабылданады.
«Қалалық волонтерлік ұйымдарды біріктірдік. Жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің еріктілері, сондай-ақ студенттер қатарындағы Мемлекеттік жастар саясаты қорының еріктілері таңертеңнен бастап гуманитарлық көмек қабылдау пунктілерінде жұмыс істеп жатыр. Мегаполис тұрғындары да шетте қалған жоқ. Бізге киімдер, балалар тағамдарын әкелді. Қазіргі уақытта еріктілер жүк көліктерін Қостанай облысына жөнелте бастады», - деді Алматы қаласының мемлекеттік жастар саясаты қорының директоры Әзиз Кажденбек.
Алматы жастар саясаты басқармасының басшылығы қала тұрғындарын акцияға қосылуға және Қостанай облысында зардап шеккен отбасыларға көмектесуге шақырады.
Көмек көрсетуге, волонтер болуға немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуге ниеттілерден ұйымдастырушылар Алматы қаласының волонтерлер фронт-офисінің басшысы Нұрсұлтан Болатұлына қоңырау шалуды (8 707 438 77 33) сұрайды.
Сонымен қатар, алматылық еріктілер өрт орнын қалпына келтіру жұмыстарына қатыспақ. Қостанай облысында жүк жинау үшін арнайы қоймалар ұйымдастырып, халыққа көмекті тарату жұмыстарын жүргізеді.
Еске салсақ, Қостанай өңірінде өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге арналған бірыңғай қоғамдық қор құрылды.