Алматы әкімдігі жауапсыз мердігерді сотқа берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі №48 мектеп-лицей ғимаратын реконструкциялау мерзімін бұзғаны үшін мердігер компанияны сотқа берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі жауапсыз мердігерді сотқа берді

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин бюджет қаржысына салынатын проблемалық құрылыс және реконструкциялау нысандарын аралап көрді.

2021 жылдың шілдесінде басталған №48 мектеп-лицей ғимаратын қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысымен танысты.

Құрылыстың нормативтік мерзімі – 10 ай. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2022 жылы жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді.

Жұмыстың аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылды.

«Риголит» ЖШС мердігерлік ұйымы міндеттемесін сапасыз орындауына байланысты сотқа талап арыз берілді. Қазір сот процесі жүріп жатыр.

Бүгінде нысан 99% дайын.

«1 және 2 блок бойынша ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілді, ішкі инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталды. 3, 4, 5 блок бойынша барлық монолитті жұмыс аяқталды, инженерлік желілер жүргізіліп, қосылды, ғимараттың шатыры мен терезе блоктары орнатылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. 3, 4, 5 блокты сыртқы әрлеу, аумақты абаттандыру және жабдықты реттеу жұмыстары қолға алынды»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Нысанды оқу жылының басында пайдалануға беру көзделіп отыр.