Алматы әкімдігі жұмысын уақытында бітірмеген мердігерлер үстінен сотқа талап арыз берді
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, белгіленген кестеден қалып қойған мердігерлер заң алдында жауап береді.
«Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша көпқабатты «Жас Қанат» тұрғын үй кешенің құрылысына жауапты – «Hadid» және «Промкомплект» Б компанияларына қатысты іс сотта қаралуда. Сонымен қатар, тұрғын үй кешенінің айналасын абаттандыруды өз мойнына алған «СК ШАХ» ЖШС қатысты талап- арыз әзірленуде», - деп хабарлады әкімдіктен.
Әкімдік атқарылмаған жұмыстардың өтемін қайтаруды және оларды мемлекеттік сатып алу мерзімін бұзғаны әрі жұмыстарды сапасыз атқарғаны үшін жауапсыз деп тануды талап етеді.
«Қазір «Жас Қанат» көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі 41 үйдің 30-ы пайдалануға берілді. Тағы 11 мердігер үйді кезең-кезеңімен тапсыруды жоспарлап отыр. Олардың белгіленген кестеден артта қалуына тура 1 жыл толды», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Көрші шағын аудандардағы инженерлік коммуникацияларға жауапты мердігерлермен әкімдік арасындағы арақатынас та сот арқылы шешілетін болады.
«Жас Қанат» шағын ауданында су құбыры мен кәріз салу үшін тиісті қаржыны алған «Жасыл Ел Құрылыс» ұйымы жосықсыз деп танылды. Әкімдік «Компания Нурай Стройды» сотқа беру үшін талап арыз дайындап жатыр. Мердігер «Нұршашкан» шағын ауданында коммуникациямен айналысқан. Айына 30-дан астам апат, асфальтбетон жабынындағы келеңсіздіктер компанияның жұмысты сапасыз атқарғанын көрсетеді», - деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Алматы әкімі құрылыс нысандарын аралау барысында сапасы төмен материалдарды пайдалануға, жұмысқа немкетті қарауға болмайтындығына жіті назар аударды: қалада өз міндеттеріне жауапсыз қараған мердігерлермен келісім жасалмайды.