Алматы әкімі А.Есімов болашақ мешіт салынатын орында болды

АЛМАТЫ. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен елдің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, облыс басшылары, демеушілер мен құрылыс салушылар қасиетті Рамазан айының алғашқы күні болашақ мешіт салынатын орында болды.

Алматы әкімі А.Есімов болашақ мешіт салынатын орында болды

Тараптар  құрылысты қаржыландыру және барлық тараптардың өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа мешіт Алматының шығыс жағындағы Алатау бөктерінде, қаланың барлық жерінен көрінетін тұста бой көтермек. Бүгінде мешіт салынатын орынның барлық геологиялық жұмыстары зерттеліп, рұқсат алу рәсімдері жүзеге асырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, мешіт салынатын орынның алғашқы тасын 2007 жылғы маусымның 28-інде Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапасы кезінде қалаған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ мешіттің сұлба-жобасын бекітті.

Нысанның жалпы көлемі 16 гектар болмақ, мешітті салуға 6 гектар жер бөлінді. Онда бір мезгілде 20 мың адам сиятын болады. Мешіттің биіктігі 63 метр, мұнараларының биіктігі - 84 метр болады. Жоғарғы төрт қабатында мінажат ететін залдар, төменгі екі қабатында қосымша бөлмелер орналасады. Оның жанында қонақүй, үлкен кітапхана салу көзделген. Мешіт жанынан медресе ашылмақ.  

Ғимарат жобасының авторлары  жұмысты қолға алмас бұрын Орталық Азияның, Иранның, Түркияның, араб елдерінің ескі мешіттерінің ғимараттарын зерделеді және бірегей өз жобасын ұсынды, мұнда ұлттық нақыш элементтері қолданылатын болады.

Мешіт құрылысы демеушілердің қайырымдылық қаражаттары есебінен жүзеге асырылмақ.  Республикалық бюджеттен жобаны іске асыруға қаражат қарастырылмаған.