Алматы әкімі А.Есімов ҚМЭБИ-дің жаңадан ашылған спорт кешенінде болды

АТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақстанның Менеджмент, экономика және болжау институтында болып, онда жаңадан ашылған спорт кешенімен танысты.

Алматы әкімі А.Есімов ҚМЭБИ-дің жаңадан ашылған спорт кешенінде болды

Қала әкімі ҚМЭБИ студенттері мен оқытушы қауымын бүгінгі жаңадан ашылған спорт нысанымен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

"Президенттен бастап барлығымыз елдегі спорттың дамуына аса назар аударудамыз. Спорт - бұл денсаулық, мемлекет жетістігі. Қазір VII Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындалудамыз. Сондықтан көптеген спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа нысандарды да салып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болдық", - деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол соңғы жылдары қаламызда ашық және жабық спорт кешендері ашылып жатқандығын жеткізді. Бұған бір жағынан ел бюджетінен қаржы бөлінсе, екінші жағынан жеке инвесторлар тартылуда екен.

А.Есімов қала әкімдігі ҚМЭБИ-ді әрқашанда қолдайтындығын және бұл кезінде Елбасының бастамасымен ашылған бірегей оқу ордасы екендігін жеткізді.

Қазір мұнда 3800-ден аса студент білім алуда. 300-ге жуық адам жұмыс істеуде, оның 76-сы шетелдік маман.

"Бұл оқу ордасының қабырғасында 4 мыңнан астам адам бар, бұл үлкен ұжым болып есептеледі. Содықтан ол үнемі қала әкімдігінің назарында болады. ҚМЭБИ-дің түлектері еліміздің түрлі саласында қызмет етіп, жемісті нәтиже көрсетіп жүр. Біз ҚМЭБИ-дің студенттері мен оларды сапалы білім алсын деп жіберіп отырған ата-аналарының үмітін одан әрі ақтауына тілектеспіз", - деп атап өтті өз сөзінде А.Есімов. Дегенмен студенттердің тек мықтылар қатарынан көрініу үшін талпынулары керектігін де жасырмады. "Қазір Президенттің өзі бұл оқу ордасын қолдауда, сондықтан беделді білім орнына лайықты болуларың керек", - деді қала әкімі.