Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев оқиға орнында болды
Бұл туралы әкімнің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов Instagram парақшасында жазды.
«Бэк Эйр» әуе компаниясына тиесілі «Фоккер-100» ұшағының құлаған жеріне қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барды. Қала басшысы іздестіру құтқару жұмыстарын бақылады. Одан шығып Алматы әуежайының терминалын аралап шықты. Содан кейін №4 аурухана мен Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына барып, зардап шеккен адамдардың халын білді. Қала басшысы қаза болғандардың отбасына қайғысына отақтасып көңіл айтты», - деді Әсет Мұқажанов.
Айта кету керек, бүгін Алматы — Нұр Сұлтан бағытындағы Бэк Эйр ұшағы Алматы облысы Әлмерек ауылында апатқа ұшырады.
Алдын ала ақпарат бойынша бортта 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.
Қалалық әкімдік таратқан ақпарат бойынша, кезекші пультіне таңғы 7:43-те қоңырау түскен. Оқиға орнына Алматы облысының Іле және Талғар ауданынан 16 жедел жәрдем бригадасы шықты. Алматы қаласынан 35 жедел жәрдем бригадасы келді. 2 нейрохирургиялық бриагада жолға шықты.
Алматы облыстық көп профильді ауруханасына аса ауыр халдегі 5 пациент жеткізілді.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 8 бала жеткізілді. Олардың барлығы түрлі жарақат алған. №4 қалалық клиникалық ауруханаға 17 аадам аса ауыр жарақатпен жеткізілді.
Қазір бұл жұмыстарға психологтар да жұмылдырылды.