Алматы әкімі ІІД басшылығына есірткі тасымалдау мен саудасына қатысты нақты шешімдер қабылдауды тапсырды
АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 18 жастан 29 жасқа дейін 2770 жасөспірім «нашақор» диагнозымен тіркеуде тұр.
Бұл көрсеткіш наркологиялық диспансерде есепте тұрғандардың жалпы санының 37 пайызын құрайды. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен өткен Ішкі істер департаментінің жиыны барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл мәліметтерді естіген қала әкімі ІІД басшылығына халықаралық есірткі тасымалдау және есірткі саудасымен күресті қатаң қадағалау бойынша нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. Қала әкімі бұнымен қатар жол полиция қызметкерлерінің жұмысына ерекше тоқталды. Бұған дейін қала әкімі жол полициясына тәртіп бұзуды көшеде тұрып емес, автошолғыншы ретінде анықтауды тапсырған болатын. Бұл жүйе енгізілгеннен бері жол-көлік апаттары жағдай 5 пайызға, өлім 9 пайызға, жарақат алу 14 пайызға төмендеген. Биылғы жылдан бастап жол камерасы, жылдамдық өлшеуші, жол ережесін бұзушылықты жазып алатын құрылғылардың саны көбейетін болады.
Әкім сонымен қатар, ішкі істер органдарына техникалық қызмет көрсету стансыларын тексеру жұмысын ұйымдастыруды, сондай-ақ «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол инфрақұрылымын дамыту» және «Қауіпсіз аула» деп аталатын жаңа қалалық бағдарламаны дайындауды тапсырды. Ал, учаскелік инспекторларға тұрғындармен жиі кездесулерді өткізу міндетін жүктеді. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кооперативтері үйлерді күзетуді, жарықтандыруды, тұрғын үйлер мен аула аумағын видеобақылау жүйесімен жабдықтауды ұйымдастыруы қажет.