Алматы әкімі қаланың арық желісін тексерді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапарының аясында қалалық арық желісінің құрылысы мен реконструкциялану барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жұмыс сапары аясында Алматы әкіміне Алатау ауданының Алғабас шағын ауданында суағар желісі мен су бұру жүйесін салу бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Ауданда шамамен 7 шақырым болатын арық жиектерін салу жұмыстары аяқталды.
«Теплоэнергетика» және «Энергостроитель» саяжай массивтерінен өтетін Қарғалы өзенінің бойында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Өзен бойының 1300 метрі темірбетонмен күшейтіледі. Өзен арнасын механикалық тазалау бойынша жұмыстар аяқталды.
Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Наурызбай ауданындағы Надыров, Тәжиев, Күлбеков және Сланов көшелеріндегі 4 шақырымдық арық желілерінің құрылысымен де танысты. Онда жолдарды асфальттауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бостандық ауданы Бағанашыл шағын ауданы және Медеу ауданының Таир көшесі бойынша, Жетісу ауданының «Малая алматинка» өзені бойынан Волочаевская көшесі бойындағы қоршауды күшейту бойынша құрылыс жұмыстарының барысы тексерілді.
Бұл учаскелерде габионды конструкциялардан жасалған қорғаныс қабырғалары орнатылып, жер асты жұмыстары жүріп жатыр.
Жетісу ауданындағы бөктер 345 метрге созылып жатыр. Құздың биіктігі 7 метрге дейін жетеді. Қазіргі уақытта барлық жөндеу жұмыстары аяқталды.
Медеу ауданында көлбеу бөктерлердің ұзындығы 470 метрге жетеді. Қазіргі таңда учаскеде металлды қоршауларды, бетон блоктарды, ағаштан істелген шаруашылық қора-жайларды демонтаж жасау жұмыстары өткізілуде.
Бұл жұмыстар жоспар бойынша осы жылдың қараша айында аяқталмақ. Тек жер асты суларының пайда болуынан жұмыстар ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін екендігі айтылуда.
Қаланың инженерлік-коммуникациялық құрылымын дамыту мәселесі «Алматы-2020» Даму бағдарламасында жан-жақты көзделген.
Аталған құжат 2015 жылы қоғамдық талқылаудан өтті.
Қаладағы төтенше жағдайды болдырмау мақсатында
қала аумағындағы (оның ішінде қосылған) су қорғау жолақтарының, өзендердің арналарының, каналдардың, сушаруашылығы құрылғыларының жекелеген бөліктерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, қаланың кіші өзендерінің арналарының жекелеген бөліктерін қайта жаңғырту, су нысандарының су қорғау жолақтарын қайта жаңғырту және абаттандыру, коммуналдық меншіктегі сушаруашылығы қондырғыларының қызметін қамтамасыз ету, арық желілері мен нөсер кәріздерін қайта жаңғырту және салу көзделген.
2020 жылға дейін Алматыдағы барлық арықтар жаңартылуы тиіс.
Өткен жылы әкімдік қызметкерлері 1000 шақырым арық желісін тексерген еді. тексеру барысында 500 км арық желісін ауыстыру керектігін анықталды.
Биыл қалада 100 шақырым арық желісі жаңартылса, келесі жылы қалған 400 шақырым арық желісі толық ауыстырылады.
Сонымен қатар, бағдарлама бойынша сумен жабдықтау, суды ағызу жүйесіндегі шығындар мен тозуды төмендету, оның ішінде жыл сайын 30 шақырымға дейін қайта жаңғырту есебінен күрделі, апатты жөндеулер көлемін арттыру қарастырылған.
2020 жылға қарай жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының сапасын 80%-ға арттыру көзделген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 65% болды.
2020-ға дейін инженерлік желілердің тозу көрсеткішін төмендету жоспарланып отыр.