Алматы әкімі қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына барып, көңіл айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек лаңкестікке қарсы операция барысында қаза тапқан полиция старшинасы, 42 жастағы Аян Ғалиевтің отбасына барып, марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қала басшысы отбасы мүшелеріне көңіл айтып, Аян Ғалиевтің бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін құрбандыққа шалып, ерлік көрсеткенін атап өтті.
«Сіздің ұлыңыз ерлік көрсетті. Біз сіздерге барлық қажетті көмектерді көрсететін боламыз. Алматы облысының әкімімен хабарластым. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Бекем болыңыздар. Сіздің ұлыңыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол біздің батырымыз», - деді марқұмның анасына Б. Байбек.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқандардың отбасына 15 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетелік, Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде күзетте тұрған старшина Аян Ғалиев жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне оқ жаудырып, Абылай хан даңғылы бойымен төмен қарай кетіп бара жатқан қылмыскермен атысады. Соның салдарынан өлімші болып жараланады. Бірақ, құлап жатып, қылмыскерді жарақаттап үлгерген. Артынша келіп жеткен Аянның әріптесі қылмыскерді ұстап, қолына кісен салады. Қазір қылмыскер тергеу абақтысында.
Тергеу жүргізіліп жатыр.